Алатау қаласында Iconic Complex жобасы іске қосылды
26.10.2026
2026 жылғы 26 қазанда Алатау қаласында Iconic Complex жобасын іске қосу рәсімі өтті. Көпфункционалды кешен құрамына кеңселер, апартаменттер, қонақүй, сауда орталығы және қоғамдық кеңістіктер кіреді. Сәулеттік тұрғыдан алғанда, жобаның негізгі ерекшелігі – биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара. Құрылыс аяқталғаннан кейін 272 метрлік мұнара Оңтүстік Қазақстандағы ең биік ғимаратқа айналады. Сәулеттік тұжырымдаманы Skidmore, Owings & Merrill (SOM) фирмасы әзірледі, ал бас мердігер ретінде China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы жұмыс істейді. Жобаны 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Кешеннің сәулеттік келбеті Iconic Complex сәулетінің негізіне Іле Алатауының бейнесі алынған. Ғимараттардың пішіні тау шыңдарының сұлбасын қайталаса, қасбеттерінен тас пен мұздықтардың табиғи фактурасын көруге болады.
Қоғамдық кеңістіктер кешеннің іскерлік және тұрғын аймақтарын өзара байланыстырып, кездесуге, серуендеуге және демалуға арналған орындарды біріктіреді. Iconic Complex Алатауда қалыптасып келе жатқан іскерлік орталықтың негізгі нысандарының біріне айналады.
Салтанатты рәсімге қатысушылар Рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов, CSCEC International директорлар кеңесінің төрағасы Гао Бо, SOM бюросының Еуропадағы бөлімшесінің жетекшісі Габриэле Пасколини, Алатау қаласы Кеңесінің мүшесі Юрий Цхай, Үкімет пен министрліктердің, Alatau City Authority және United Group Alatau өкілдері, сондай-ақ Алатау қаласының тұрғындары қатысты. Iconic Complex жобасы 2026 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған болатын.
Қанат Бозымбаев жобаны іске асырудың барлық кезеңінде сапа, сейсмикалық қауіпсіздік және энергия тиімділігі бойынша жоғары стандарттарды сақтаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол қазақстандық компаниялар мен мамандарды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға баса назар аударды.
«Бүгін біз Алатау қаласының дамуындағы маңызды кезеңге жетіп отырмыз. Iconic Complex жобасы іске асыру кезеңіне өтіп, қаланың жаңа келбетінің бір бөлігі болмақ. Кешен Алатаудың көрнекті нысандарының бірі әрі біз қалыптастырып жатқан заманауи қалалық ортаның үлгісі болады деп күтілуде», – деді Қанат Бозымбаев.
Жоба командасы Iconic Complex жобасын үш компаниядан тұратын халықаралық консорциум жүзеге асырады. Девелопер – жобаны іске асыру және жеке инвестициялар тарту мақсатында құрылған қазақстандық Alatau City Iconic Complex компаниясы.
Сәулеттік тұжырымдаманың авторы SOM бюросы әлемдегі зәулім ғимараттарды жобалауға маманданған жетекші сәулет компанияларының бірі саналады. Бюроның жобалары бойынша Дубайдағы Бурдж-Халифа, Нью-Йорктегі One World Trade Center және Чикагодағы Willis Tower ғимараттары салынған. Қазақстанда SOM Астанадағы Talan Towers пен Алматыдағы Esentai Tower ғимараттарын жобалаған.
Бас мердігер – әлемдегі ірі құрылыс және инвестициялық топтардың бірі CSCEC. 2024 жылы компания ENR Top 250 Global Contractors рейтингінде бірінші орынға, ал Fortune Global 500 тізімінде 14-орынға ие болды. Топ құрамындағы компаниялар Шэньчжэньдегі биіктігі шамамен 599 метр болатын Ping An Finance Centre, Шанхайдағы Shanghai World Financial Center және Дохадағы Doha Tower сияқты танымал ғимараттардың құрылысына қатысқан.
CSCEC Iconic Complex жобасын Алатау қаласын дамыту бағытындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың алғашқы қадамы ретінде қарастырады.
«CSCEC International үшін Алатаудағы Iconic Complex жобасы стратегиялық маңызы бар басым жобалардың бірі. Біз құрылысты жоғары стандарттарға сай жүргізіп, үздік мамандар мен қажетті ресурстарды жұмылдырамыз. Жобаға қатысушылармен бірлесе отырып, ұлттық маңызы бар жаңа сәулет нысанын салуды көздеп отырмыз», – деді Гао Бо.
Инвестициялар Көпфункционалды кешен жеке инвестициялар есебінен салынады. Жобаға 800 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Iconic Complex жобасы қазақстандық және халықаралық серіктестердің тәжірибесі мен кәсіби құзыреттерін тоғыстырады.
«Ұлттық Банк Ұлттық инвестициялық корпорация арқылы осы жобаны іске асыруға қатысып, Алатау қаласының дамуына үлес қосып келеді. Біздің жобаға қатысуымыз отандық институционалдық инвестордың ел үшін маңызды бастамаларды қолдаудағы, сондай-ақ ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін қазақстандық және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктірудегі рөлін көрсетеді», – деп атап өтті Тимур Сүлейменов.
Алатау қаласы туралы Алатау қаласы Алматы агломерациясының құрамына кіреді. Қалада арнайы құқықтық режим енгізіліп, оны дамыту ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап келеді.
Алатаудың арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заңның нормалары 2026 жылғы 1 шілдеден бастап кезең-кезеңімен күшіне ене бастады. Қала кеңесі мен Alatau City Authority жұмысын бастады. Сонымен қатар құрылыс саласын реттеудің жаңа тәртібі енгізілуде. Алатау Алматы қаласымен өзара байланыста дамып, инфрақұрылымды, көлік қатынасын, бизнес жүргізу және өмір сүру жағдайларын жақсартуға басымдық береді.
Қазіргі таңда Алатау қаласының инвестициялық портфеліне жалпы құны 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба енгізілген. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 55 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.